23.03.2022
  312


Автор: Нұрлан Оразалин

Күнәһардың қылмысын...

Күнәһардың қылмысын түн жасырған,
ақындардың азабын мұң жасырған.
Көкке сауып емшегiн талай ана,
тағдырына налыған мың ғасырдан.
Күш көрсетсе қаталдық төне берiп:
тынады ұят,
сынады ар,
көнедi ерiк…
Мың ғасырлық қалпынан бiр жаңылмай,
адалдыққа зұлымдық келедi ерiп.
Қыр соңынан келедi бiр қалмастан,
(талай жерде қапыда ұрған бастан…)
сойыл сiлтеп Абайға сол зұлымдық,
Пушкиндi атқан жасаурап тұрғанда аспан.
Әдiлеттiң қорғаған әр сүйемiн,
Неруданы, сол атқан Гарсионы.
Махаббатты таптаған шiркiндер-ай,
қалай,
қайтiп,
Бiлмеймiн, жар сүйедi?!.
Ұл өсiрiп, сүйедi қызын қайтiп,
айта алмайсың бұл сөздi қызынбай түк.
Алаңдарды қан қылған мылтықтылар
көрсетедi халқына жүзiн қайтiп?!
 
Табанында өртенiп көгал мына,
қалай, қайтiп шығады топ алдына?!
«Куклс-кландар» Батыста жатыр шулап
(ойсыз күндер деп жүрек жоғалды ма)?!.
Буып келген үреймен халықты әмән,
жоғалмапты фюрерлер,– қалыпты аман.
Арамызда жүр, әне, нысанаға ап
Адалдықтың ақ құсын қалықтаған.
Серпiл, досым!
Серпiлу – санатқа сын,
қалқы көкте, қалықта, қанаттасым!
Мәңгi өмiрдi жырлауға хақылымыз,
Халық сөзiн айтуға жаратқасын.
маусым, 1987 жыл.





Пікір жазу