23.03.2022
  205


Автор: Нұрлан Оразалин

АШЫНҒАНДАР ҮНI

Махмұт Дервишке
***
Серпiл, ақын!
Түннен соң таң атады,
Таңмен үмiт оянар жаңа тағы.
Күрес,
Ерлiк,
Қайғы,
Шер –
өлмес өмiр…
Өзгеше ғып табиғат жаратады.
Жаратады әлемдi өзгеше қып,
(қайғы болмай, шаттықты сезбес едiк).
Жаншылғандар зар-мұңы – жүректерде,
жүректердi тулатып сөз көшедi…
Құм көшедi… Көңiлден көшедi жыр…
Көшедi тау, көлдер мен көшедi қыр;
Шатилла мен Сабра естен бiрақ
ешқашанда көшпейдi кешегi бiр!
Көшпес кейпi ананың қалжыраған,
көшпес үнi сәбидiң зар жылаған,
Бсисудың дауысын ұмытса әлем,
көшер бәрi – ұмытар арды ғалам…
 
Көшер…
Көшер…
Дүние – бiр күн елес,
Ащы қайғы болмаса, жыр түлемес.
Серпiл, ақын!
Қайғыны бiз ұрттаған
ұмытуы ғаламның мүмкiн емес.
наурыз, 1987 жыл.





Пікір жазу