23.03.2022
  124


Автор: Нұрлан Оразалин

Күлiп жүрiп...

Күлiп жүрiп күндерiммен кездестiм,
тынып жүрiп түндерiммен кездестiм.
Қуансам да, мұңайсам да,
Тәңiрiм!
Теңi болды түзегенiм сөз-көштiң.
Озған сәтте – өз жырымды толғадым,
қалған сәтте – сусып түстi қолдағым.
Өзегiмдi өрт боп шалды сан мәрте
өмiр жайлы бiр жаңа Сөз – толғақ үн.
Бiр жаңа Сөз арманым боп айтулы,
жұлдыз жанды, талай рет ай туды.
Өттi Уақыт…
Көштi бақыт…
Қашты арман
асаудайын бiлмейтұғын қайтуды.
Үркiп таңым талай рет оянды,
жағам жасқа талай рет боялды.
Арман болған, беу, жаңа Сөз, бармысың,
басқа қонар бағымбысың баянды?!.
Сорымбысың әлде менiң кеш бiлер,
әнiмбiсiң алты әлемге естiлер?!.
Жарар едi жалғыз ауыз сөз туса,
ден қоятын ойлылар мен естiлер…
ақпан, 1987 жыл.





Пікір жазу