ҚОЗҒАЛЫС
(оптимистiк сарын)
Жер өзгередi:
таулар қартаяды,
көлдер ортаяды,
дүние тербетiлiп,
дауылда,
желде тымық
құшағын жайып тұрып,
Үмiттi қайық қылып,
жаңғырады,
түлейдi,
жалғасады
жанарын шайып тұрып.
Сәулелi саздарымен,
әурелi наздарымен,
мазасыз шақтарымен,
қараша бақтарымен,
ақпанның ақ қарымен
өзгередi,
бәрi де өзгередi
қозғалыспен –
Әлем махаббаттарымен…
Ел өзгередi:
жасарып, жаңғырады,
жалғасып жаңбыр әнi,
көктемдер көзден ұшып,
өртейдi,
жандырады.
Көңiлде бұлақ талып,
көз бенен құлақты алып,
бәрi де өзгередi.
Өзгермес бiрақ та анық
өмiрдiң талмас әнi;
даланы қар басады,
еридi,
буланады,
көктейдi – жалғасады.
Ғажайып ер iстердiң,
күрес пен керiстердiң
«Мәңгiлiк майданымен»
жеңiлiс,
жеңiстердiң
тiршiлiк жалғасады,
адамзат алмасады
күнес нұрларымен,
бесiк жырларымен…
Бiз өзгеремiз:
таудайын қартаямыз,
көлдейiн ортаямыз,
қозғалыс дiн аманда,
Ай аман,
Күн аман да,
«тартылыс заңы» барда,
жұлдызды түн аманда,
жусан мен гүл аманда,
күш ойнап бұла қанда,
Адам мен Хауа сынды
қыз бенен ұл аманда –
Бiз өзгеремiз!
Өмiрдiң өртiменен,
уақыт «дертiменен»
жасаймыз,
жалғасамыз
қаңтардың аязымен,
көктеммен жер түлеген…
Бiз өзгеремiз
келiстi келешекпен
келетiн шертiп өлең!..
қараша, 1980 жыл.