23.03.2022
  206


Автор: Нұрлан Оразалин

БҰЗЫЛҒАН ҮЙ

(Жол үстiндегi атажұрт туралы баллада)
«И счастлив я, пока на свете белом,
Горит, горит звезда моих полей…»
Н.Рубцов
Ебiл-себiл…
Арсы-күрсi жол үстi…
Көк трактор бұзып жатыр қонысты.
Бұйра шашты бульдозершi жас жiгiт
Ауық-ауық өзгертедi скоростi.
Өзгертет те, күремесiн тiрейдi,
қатып-семген қойдың көңiн күрейдi.
Қалш-қалш етiп иық сiлкiп, ышқынып,
мал сойғандай оңды-солды iрейдi.
Басқан жерiн тiл тигендей тегiстеп,
тоқал үйдi бүйiрлетiп, еңiстеп,
көк бульдозер айқай салып, аттандап,
көң мен қиды аударады көгiске.
Әлденуақ бiр алапат басталды:
Күрс-күрс атып, көтердi де аспанды,
көк «батырың» мойнын бұрып алды да,
көк мұржалы тоқал үйдi бас салды.
Көз iлеспей тоқал тамды құлатты,
босағасын қарш-құрш ұрып сұлатты.
 
Сол заматта iргедегi көк сайдан
құйын-перен шыға келдi бiр атты.
«Әй, қызталақ, тоқта деймiн!
Тоқта ендi!» –
Жолды кестi қаба сақал шекпендi:
«Саба атамның сары жұртын таптаған
сен күшiктiң суырайын өкпеңдi…»
Қырғыз өрiм көк темiрге сарт еттi,
кәрi жанар жай оғындай жарқ еттi.
«Мына шалың жынданған ба?!» дей берген
бульдозершi қас қағымда жалп еттi.
Қаба сақал қарғып аттан түстi де,
бұйра шаштың қона кеттi үстiне.
Жаңа-жаңа есiн жиған жас жiгiт
айла-шарғы жасап жатты «күштiге».
Сайыскерлiк әдiске сап байырғы,
қаба сақал жiгiт қолын қайырды.
Сәл-пәл болса түтiп жейтiн түрi бар,
қалың жұрт кеп әзер-әзер айырды.
Топ iшiнде: «Не жаздым?!» деп бас бұғып,
тұрды орнынан сүйретiлiп жас жiгiт.
Ал қартыңның екi қолы тас-түйiн,
жiберердей адам түгiл тасты үгiп.
«Бүйткiзгенше, кетсем еттi кезбе боп…»
Одан әрi қимыл да жоқ, сөз де жоқ.
Қаба сақал қайран қартың қалды үнсiз,
бәрiн айтып жатқандай-ақ көздегi от.
 
Естiгендей бiр ғажайып күй-үндi,
әлденуақ шал бүгiлiп, иiлдi.
Тас ошақтың сипады да ернеуiн,
туған үйдiң жоқ төрiне сыйынды
(сора-сора көзден жасы құйылды).
Ендi сезген әлдененi ел үнсiз,
тауды кесiп жатқан жаңа жол үнсiз.
Құзат шыңнан бүркiт үнi «шаңқ» етiп,
бөлiп кеттi тыныштықты орынсыз.
Анадайын әлдилеген бесiгiн,
Саба атаның қирап қалған есiгiн,
босағасын жинады да қайран қарт:
«Қош!» деп айтты ең ақырғы кесiмiн.
Сезiмменен сарқылмас бiр селдеген,
арманменен аласұрып көлбеген
атажұртын өңгерiп ап жүрекке,
Қаба сақал тартып кеттi белменен.
Тұнғандай-ақ жанарларға, сiрә, шық,
әлдекiмдер жатты жөндi сұрасып.
Саба атаның немересi – тентек шал
қара жолмен бара жатты қыр асып...
***
Ебiл-себiл…
Арсы-күрсi, арман-ай!..
Екi оралмас, құбатөбел жалған-ай!
Саба қарттың уақытпен кеңеспей,
сары жұртын жол үстiне салғаны-ай...
ақпан, 1981 жыл.





Пікір жазу