23.03.2022
180
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-03-14-21-09-02.png)
ЫСТЫҚКӨЛ
Жәлел Садықовқа
Өртенердей өзегi сағыныштан,
боз тауларым, бозарып сағым ұшқан,
Ыстықкөлге мұнарта сұғын қадап,
көк айдынға көз тiгер шағылысқан.
Қолын бұлғап қалың шың асықтырған,
тас жол зымғап келедi асып қырдан;
Ыстықкөлдiң дер шағы – алтын шағы,
адам түгiл, тауды да ғашық қылған.
Жүрек атты зымырап қайықпенен,
ойлы сөзбен өлеңдi қайып келем.
Алатау боп келемiн, Сарыарқа боп,
Алтай, Сыр боп келемiн Жайықпенен.
Қасиетiңе тiл жетпес ғайып көл ең,
(жаза алмасам жақсы жыр – айып менен);
аманатын көтерiп бауырлардың,
Жәлел аға, құшақты жайып келем…
Жайып келем жанымды дала сынды,
алып келем тел мiнез жарасымды,
егiз ел ек еншiнi тең бөлiскен,
тең бөлiскен теңдегi бар асылды.
шiлде, 1984 жыл.