23.03.2022
148
Ескi таныс...
Ескi таныс, мен саған өкпелiмiн,
кеудеңнен ғайыпқа ұшып кеткелi мұң.
Жалған неге сөйлейсiң, жалған күлiп,
кебiн киiп алғандай «көк перiнiң»?!.
Әзiлiң де аспаннан түскендейiн,
(майланған ба, апыр-ай, iскен бе ойың?!);
жаттап алған сөзiңдi әлдекiмнен
ертеңгiсiн, айтасың түстен кейiн.
Бәрi саған белгiлi, бәрi қанық,
жатпасаң да түсiнiп бәрiн анық;
билiк айтып тұқыртқың кеп тұрады,
жас жасыса, алдыңда кәрi налып.
Езiп-жаншып кетердей бәрiн, бәрiн,
өзiңдi де өзгенi «жарымдадың».
«Сұрауы бар судың да», ескi таныс,
неге мұнша, апыр-ай, арындадың?!
ақпан, 1982 жыл.