23.03.2022
  128


Автор: Нұрлан Оразалин

Бойды билеп....

Бойды билеп бөтен ой, басқа қылық,
иiн алып, сезiмдi таспа қылып;
менен қашып бара ма шабыт шiркiн,
жұмыр басын тауға ұрып, тасқа да ұрып?!
Жел таба алмай бара ма желкенiне,
жаңбыр iздеп бара ма өртеңiне,
отты өлеңнiң жалыны ерте сөнсе,
мен не дермiн, апыр-ай, ертеңiме?!
Жылдарымның жыртылып көп парағы,
сана – салқын…
Жүректi от қарады…
Бүгiнiмнен Ертеңiм көбiректеу
мазалағыш кеудемдi боп барады.
Қырау келiп қонардай тал басына,
сыз тигендей сiлкiнем жамбасыма.
Отсыз өлең жазғанша – өлген артық,
көз түрткi боп өткенше жалғасыңа!..
маусым, 1981 жыл.





Пікір жазу