23.03.2022
  148


Автор: Нұрлан Оразалин

Басқа түссе....

Басқа түссе, баспақшыл ғой…
Көнбес кiм?
Жетер!
Жетер!
Сел кештiм…
Тәттi сөздер таңдайыма татымай,
ащы сөздi айта алмай жүр жөндi ешкiм.
Өттi уақыт…
Өттi күндер…
Қарша ақты…
Жарым шаттық, жарым қайғы шаршатты.
Ащы сөздiң аздығынан жерiдiм.
Жарым көңiл…
Жарым сезiм…
Жарым ой…
Толықсып бiр толар шағым аңсатты.
Дүр сiлкiнiп бойдағы бар қуатым,
толған Айдай толықсып кеп туатын,
не берсе де толығымен беретiн,
келер ме Күн бәрiн, бәрiн, жуатын?!
Бәрiн…
Бәрiн…
Қуатын?!.
Әлдекiмнiң жыртқандай боп жейдесiн,
көрiнсе де артық мiнез кейде осым,
 
ащы сөзбен қайралғанды жөн көрем,
тәттi сөзге алданғанша, ей, досым…
Басқа түссе, баспақшыл ғой…
Көнбес кiм?
Отқа орандым, сең де көрдiм, сел кештiм.
Кездiк едiм суарылған… Тек, әттең,
ащы қайрақ сала алмай жүр жөндi ешкiм.
қазан, 1982 жыл.





Пікір жазу