23.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

ТЕМIРЛIК

Мұхамед Хайдар Дулати кiтабында: «Бұғыты тауының етегiнде –
Көкпек жазығында Темiр қолы Моғолстан әскерiмен айқасып, керi шегiнген»
деген жолдар кездеседi.
Әмiр Темiр айбарына бас ұрған,
кiм бiлiптi, уақыт па жасырған?!
Осы атауда әйтеуiр бiр сыр бардай
ойран болған орта ғасырдан…
Сен де…
Мен де…
Бiлмейдi оны ешкiм де,
кәрi, жас та, өскiн де;
Темiрлiктiң шығу тегi – сыр, жұмбақ,
бiрге кеткен мезгiл атты көшкiнде.
Мейлi, мейлi, қиялыңды қина мың,
ақтар қайта Дулатидың жинағын;
көре алмайсың, таба алмайсың еш жерден,
Темiрлiктiң шығу тегi – бимәлiм…
Бiлетiнiм:
Жалғыз дерек қолдағы –
осы арада қан-қырғынның болғаны;
қарағайдан қарсы бұтақ шорт сынып,
қара жусан қанға батқан жолдағы;
 
Қалың түмен, қалың қолдар ұмтылып,
қалың сауыт қорған болмай жыртылып;
сан боздақтың Торайғырда қалғаны,
найза сынып, қылша мойны қырқылып;
Мың-мың тұяқ…
Шашасынан шаң ұшып,
Өмiр…
Ажал…
Итжығыс боп алысып,
асуына жеткен кезде Қайқының,
хас ерлердiң тұрысқаны қарысып;
Қиын сәтте кәрi шыңдар мүк басқан,
Әмiр Темiр айбарынан ықпастан,
қазақ, қырғыз – Моғол жұрты айқасқан,
ерлiк туын осы арада жықпастан.
Жер үстiне зәрiн шашып, қаһарын,
ойран қылған талай елдiң шаһарын,
Үндiнi де, парсыны да жаулаған,
бұққан одан моңғолың да татарың;
Құрақ ұшып, кiлем жайып шалғынға,
Қытайың да қалтыраған алдында,
Батысын да, Шығысын да бөктiрген
Темiр қолы қанды бояу қарғынға.
Бетi қайтып осы арада тоқтаған –
жанарында жанып барып от ғалам,
айналасын жүндей түткен айбарлың
айырылып қала жаздап «ноқтадан»,
Әмiр Темiр осы арада тоқтаған…





Пікір жазу