Темiрханға
Қаптың түбi қағылғандай көрiнiп,
оңашада мұңайдық та жерiдiк.
Өзектi өртеп қоймаған соң бұл өлең
құрыштайын қайта балқып, ерiдiк.
Отқа түстiк.
Суарылдық.
Қайнадық.
Жаңқа ойларды қайта жидық, сайладық.
Өнер жолы – бiрде биiк, бiрде еңiс,
елiрмедiк, ез болып та таймадық.
Ар-ұятты арқа тұтып әмәнда,
жүгiрмедiк жақсыға да жаманға;
жаздық жырды жүректегi отпенен,
айналмадық «өлең жасар» маманға.
Шағалалар көк аспаннан қарша ағып,
Ертiс, Iле жатқан шақта ән салып,
қалыпты әуен, ырғақтарды сан бұздық,
Атыраудың айдынына жар салып,
Алатаудың шыңдарына тамсанып.
Тiл бiтiрiп темiрге де, мысқа да,
үн бiтiрiп теңiзге де, құсқа да,
сәл қуанған тұста да,
сәл мұңайған тұста да
буырқанып, ағаларша жаздық жыр:
жазда,
күзде,
көктемде де,
қыста да…
Кеудемiздi шабыт қысып, жыр ыстық,
Өлең үшiн!
Өмiр үшiн – тұрыстық…
Ағаларша жазғанменен, бiрақ та
ағаларға ұқсамауға тырыстық.
Мезгiл өтер…
Жаяр бұтақ тал-шынар…
(Ұқсамаған көп тұсымыз бар шығар?!)
Қажет көрсең,
Ей, Оқырман-Уақыт,
«қап түбiнен» өзiң ендi аршып ал!..
қаңтар, 1982 жыл.