23.03.2022
  137


Автор: Нұрлан Оразалин

Календардан жыртып...

Календардан жыртып айдың парағын,
айнадағы өз бейнеме қарадым.
Көрiп үнсiз селдiр ағын самайдың,
шашты қолмен ұйқы-тұйқы тарадым.
Жалт-жұлт еткен жанарындай жүзiктiң
қайда кеткен қызық дәурен, қызық күн?!.
Жиырма жасар жас ақыннан жоқ белгi
жыр оқитын жүректердi үзiп мұң?!
Бозбала едi көзi құмар көктемге,
жанын қияр ойдан азап шеккенге;
жыр қуалап, Ай астында адасып,
жарым түнде жар жағалап кеткен бе?!.
Талып жетiп құбыладан, қиырдан,
құбылып кеп бiр ғажайып құйылды ән…
Қолды созып, ұмтылып ем…
Жаңғырған
естiдiм тек жүрегiмдi жиi ұрған.
Көзден ұшып аспан, жұлдыз, жыра, бақ...
ғалам күллi күрсiнгендей тұра қап…
Жиырмадағы жас ақыннан айнымай
жүрек қана жатты соғып «уралап»…
қаңтар, 1981 жыл.





Пікір жазу