23.03.2022
  101


Автор: Нұрлан Оразалин

Қазақы үйдiң...

Қазақы үйдiң қырдағы тұрмысындай,
(сыбағасын ұсынып, бiрде ұсынбай)
жаңа бiр ой жаныңды жүдетедi
жалғыз қайтқан көктемнiң жыл құсындай.
Жалыққандай «дақпырт» пен «қошеметтен»,
елеңдетпей көңiлдi
көше…
көктем…
жаңа бiр ой жаныңды мазалайды,
күндерiңдi көлбетiп кешегi өткен,
жылдарыңды жылжытып есе кеткен.
Айқайлаған түндерде, «ұрандатқан»,
мұңсыз-қамсыз тойлатқан, думандатқан
кафелерден жерiген сыңайы бар
түтiндеткен, билеген, тұмандатқан.
Бiр бойыңда жүргендей неше кiсi,
бiр ойыңа сыймайды кешегi iсiң.
Жаңа бiр ой жаныңды жазалайды,
көшедi тау, кеудеңнен көшедi шың.
Тас-талқан боп, тепкiлеп жиi iшiңдi,
ақ жал толқын сүйедi «мүйiсiңдi»,
жаңа бiр ой жаныңды өртейдi кеп
тартылмаған жалғанның күйi сынды…
сәуiр, 1981 жыл.





Пікір жазу