23.03.2022
115
Таразыла!
Таразыла!
Арымды өлше менiң.
(Мынау ұлы заманның бөлшегi едiм)…
Жалқы тiрлiк кешетiн жамандардай
жалтақтамай,
жарқ етiп келшi, өлеңiм.
Ауыл үйдiң аластап күндес ойын,
бетпе-бет кеп болмыспен тiлдесейiн…
Пенделiктiң талақ қып көр мiнезiн,
өз отыммен өзгеше күн кешейiн.
Жанарымда тұрғанда жанып Күнiм,
жұмыр жердiң арқалап алып Мұңын,
салайын да қызыл тiл орамына,
Ақиқаттың табайын анық түбiн…
Беу, Құдырет! Әу бастан сөз қалап ем,
боз ат мiнiп өтейiн боз даламен.
Маған егер қонғаның рас болса,
Оян!
Сiлкiн!
Кеудемде қозғал, Өлең!..
наурыз, 1981 жыл.