Уақыттың бүгiнде жасы кепкен…
Уақыттың бүгiнде жасы кепкен…
Бұрыл!
Қара!
Жолыңа басып өткен:
Ұлы Абайын сойылға жыққан жұрты,
Махамбеттiң семсерде басы кеткен…
Желеу сөздi бiреулер «шекпен» қылып,
мына жалпақ фәниден өткен күлiп;
әлжуаз бен әлдiнi айыра алмай,
шын ақынның түбiне жеткен «күдiк».
(Сезесiң бе?..) Паңдық бар жүрiсiнде,
үмiт қашар «уыт» бар күлiсiнде…
Соны ойласаң, кеуденi кезедi үрей,
күдiк келе жатқандай түн iшiнде,
ағат кеткен аңдаусыз бiр iсiңде.
Көлгiрсiген тойлардың тосындай боп,
өсек айтқан сыртыңнан досыңдай боп
күдiк кейде елестер көз алдыңа…
(Жырдың жанын қариды осындай от).
Тiлге тиген бал менен шекердейiн,
кеулеп, кезiп бойыңды кетердейiн;
желеу сөздiң бәрiнен сескенемiн,
өкiндiрiп жүрердей бекер кейiн…
Абай жырын еске алып ғашық еткен,
Махамбеттi еске алып тасып өткен,
өгей мiнез көрсетiп жүрмесiн деп,
жолдарыма көз тiгем басып өткен…
Жылдарыма қараймын жасы кепкен…
наурыз, 1981 жыл.