23.03.2022
  149


Автор: Нұрлан Оразалин

Көкiрегiн тепкiлеп....

Көкiрегiн тепкiлеп көше мұңы,
домбырашы жiгiттiң көшедi үнi;
тыңдаушысын ұйытып сиқыр сарын
сапырады бүгiн мен кешегiнi.
Ырғағында мұң да бар егiлетiн,
арын да бар алғаусыз төгiлетiн;
арманы бар Даланың жүйрiк мiнез
шапқан сайын қолтығы сөгiлетiн.
Әуенiнде жалын бар жандыратын,
асқақтық бар Алатау жаңғыратын;
ғажап сарын қазақы кең өлкенiң
кезiп, шарлап жатқандай бар қыратын.
Тауын, тасын, көлдерiн, өзендерiн
кезiп бара жатқандай кезеңдерiн…
Екi iшектi домбыра бебеу қағып,
ескi әуеннен жаңа ырғақ сезем керiм.
Екi iшекте сан ғасыр безiлдеген
Дала…
Қала…
Шырқауда сезiмменен;
айға ұмтылған заманның ырғағы есiп,
үнi жетер қырлардың көз iлмеген.
 
Көкiрегiмде – жұлдызды көше мұңы,
ақбоз мiнген Даламның көшедi үнi;
жаңа ырғақты ескi әуен жатқандайын
жалғап түнде Ертең мен Кешегiнi.
маусым, 1981 жыл.





Пікір жазу