ОРАЛУ
Тамыз едi…
Таңқурай…
Көгал мұнда…
Тамызып жыр оқып ем топ алдында.
Он бес жылым зымғапты он бес күндей,
судай сiңiп жұтылған сағал құмға.
Он бес жылым кетiптi атқан оқтай,
он бес жылым өтiптi шапқан аттай.
Көк маяның түбiнде жалғыз тұрмын,
қуып жетiп ұстарға жоқ қанатты-ай…
Бала күнгi бiр сурет «жүр мұндалап»,
балараның үстiнен тұрмын қарап.
Көз алдымда – баяғы пiшеншiлер,
көз алдымда – баяғы күлгiн қара ат.
Көз ұшынан көк тамыз…
(Көштi ме елес?!.)
Жаңа да емес, бiр сурет ескi де емес:
Бала күнгi төрт досым – төрт белде тұр,
қою iңiр байланып, өштi белес.
Алып жетiп алыстан талған үндi,
қараңғы түн қамады бар маңымды.
Әлдеқайдан кiсiнеп қара жорға,
еске салды көлiксiз қалғанымды.
Айқайладым. Ешкiм де тiл қатпады.
(Өңменiңнен өткендей түн қатқағы).
Кездi…
Кеттi…
Қыдырып бiр жаңғырық –
өзгенi де өзiңдi тыңдатпады.
Тамыздан да белгi жоқ, көгалдан да,
жатқа оқитын өлеңдер жоғалған ба?!
Төрт досымды iздеймiн төрт қиырдан,
адасып қалған жандай көк орманда.
Балғын кездер кеткен бе атқан оқтай,
балғын кездер өткен бе шапқан аттай.
Қайран, қара жануар!..
Кiсiнеп жүр…
Тұрмын үнсiз…
Ұшарға жоқ қанатты-ай!..
наурыз, 1981 жыл.