
Сезiм толып...
Сезiм толып, кеуденi шайқап аспан,
көп күндердi өткерiп қайта бастан,
шаршағанда ескi ауыл еске түсер,
жайлау етiп жағасын айқара ашқан.
Етегiнде жайқалған егiстiгi,
есiңдi алар: көкшiл тау, көгiс түнi;
көк шалғынды жырадан бөдене ұшып,
көк алманың көз тартар жемiс гүлi.
Ескi сурет… Ертегi сияқтанып,
Ай туатын кеш бата қияқтанып,
аппақ нұрға айнала шомылатын,
қозы-лақтың дауысы күй ақтарып.
Жүрегiмдi бiр үмiт желiктiрiп,
көңiлiмдi бiр арман елiктiрiп,
осындайда қашады елiк – ойлар
қыр астынан, апыр-ай, өрiп тұрып.
Әр әуенге, әр үнге (жанып iштен),
құлағымды түремiн сағынышпен.
Кездескендей боламын күндерiммен
Ай астында бұлақтан қанып iшкен.
Кезiп-кезiп оңаша саз аралын,
толқып-толқып көңiлде сазар әнiм,
ескi ауылды еске алып, шаршағанда
пенделiктен осылай тазарамын…
ақпан, 1981 жыл.