23.03.2022
  205


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚАРАСАЗ-САРЫН

(Ақынның 50 жылдығында оқылған жыр)
Мұқағали аруағына
Аспан астын арман кезiп, от өрiп,
құз-қиядан байғыз үнi «жөтелiп»,
қарағайлы қалың қолтық жаңғырды,
Қарааршаны қанатына көтерiп.
Аппақ әлем… Ай туды да қиылып,
аршынды әуен әуеледi құйылып.
Хантәңiрi қозғалғандай күркiреп,
Кетпен тауы сiлкiнгендей күй ұғып.
Айғайтасты ұйытты да төрдегi,
Шалкөденiң кең жазығын тербедi.
Алтынкендi аялады сырлы саз,
оятардай пендеңдi де көрдегi.
Қарасаздан қалқып сарын…
Қара, әнi!..
Шағыл…
Құмды…
Шымырлатты Даланы.
Сарыарқа мен ақ Жайыққа қол созып,
Алатаудан алты қырға тарады.
 
Айбынында алты алаштың екпiнi,
қайырардай тентектi де тектiнi;
Аспантаудың «дариғалап» жүрегi,
дулы-думан дүниеге кеттi үнi.
Қарқарадан қараша қаз өткендей,
Аққу-сұңқыл…
Атырауға жеткендей…
Қалқып ұшты Қаратаудан қайсар мұң,
Қазығұртқа қайта оралған көктемдей.
Сұлу Көкше… Сөйлейтiндей жырау-бақ,
Алтай көгi жаңғырады нұр аунап.
Жетiсудың жанарына жас тұнып,
кәрi Шыңғыс жатқандайын бiр аунап.
Сыр жидесi ерте бүрiн жарғандай,
Ұлытаумен ұшады саз армандай.
Арал…
Балқаш…
Айдынынан шыққан үн
Үстiрт асып, Маңқыстауға барғандай,
Ұлы сарын Түркiстанда талғандай.
Аспан астын арман кезiп, от өрiп,
бойды билеп ерен сезiм, от, ерiк,
Аспантаудан алты әлемге тарады ән
Қарасазын…
Қазақ жерiн көтерiп.
наурыз, 1981 жыл.





Пікір жазу