![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-03-14-21-09-02.png)
Ғұмыр сыйлап...
Ғұмыр сыйлап бәрiмiзге аздаған,
пешенеге мәңгi өмiрдi «жазбаған».
Әлiмсақтан жер үстiнiң салты осы,
жiбермейтiн ешкiмдi де қаз-қадам.
Сана сарқып, iздегенмен тектi ойды,
мезгiл өзi жол кеседi, шектейдi.
Бәрiн…
Бәрiн…
Егiз пiшiп, тел өрiп,
өзi жыртып, Өмiр өзi көктейдi.
Түсiредi, көтередi биiкке,
қажет жерде батырады күйiкке;
өз жарасын мезгiл өзi емдейдi,
жараланған тағы мiнез киiктей.
Сенбе мейлi, бұл сөзiме сен мейлi,
Жер тәртiбi –
қатал,
қатал,
көнбейдi…
Айтқанына адамдарды жүргiзiп,
Далаңды да,
Қалаңды да жөндейдi.
Ерiн алып, бiреулердiң бишiгiн,
ал бiреуге таралғы етiп сый-шығын,
Шындығыңа көз де жұмар кезi бар,
армандардың тас-талқан қып «үйшiгiн».
Кейде, досым, әлдекiмдер «асайды»,
әлдекiмдер тастан қиял қашайды.
«Жолым бүгiн болмай жүр» деп өкiнбе,
Әлi-ақ…
Әлi-ақ…
Мезгiл өзi
мәңгi өнердi жасайды.
ақпан, 1981 жыл.