23.03.2022
  228


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚОШТАСУ

(Әкем Мырқасымның рухына)
Қара түнмен сырлассам да сарсылып,
ой құдығы бiтер емес аршылып;
сен жәйлi бiр сөз таба алмай,
әттең-ай!..
Жатыр бойда
асау қаным қарсы ұрып,
ұйқым қашып, жүйкем тозып, қар сынып.
Көңiл деген көк шайпауым көнбейдi,
сенiң ендi келмесiңе сенбейдi.
Кеткендейсiң жолаушылап, жан әке,
кеудемдегi көк шырағың сөнбейдi.
Өзiң жиған бiр мәжiлiс, кеңестей –
қаралы сәт кешегi бiр елестей…
Ойым…
Санам…
Сенер емес, апыр-ай,
сыз жастанған сенiң бейнең еместей,
қаралы сәт, қаралы топ – елестей.
Қайран менiң, қарсы бұтақ – тектiм-ай,
қарсы келсе, қар боратар беттiм-ай.
Шынымен-ақ жер үстiнде өзiң жоқ
отыз күнiм,
отыз түнiм, өттi ме Ай?!
 
Жо-жоқ!
Көңiл…
Көңiл-соқыр көнбейдi,
сенiң қайтып келмесiңе сенбейдi.
Жолаушылап кеткендейсiң, жан әке,
көк шырағың кеудемдегi сөнбейдi…
қыркүйек, 1982 жыл.





Пікір жазу