23.03.2022
  219


Автор: Нұрлан Оразалин

БЕСIК ЖЫРЛАРЫ

Еркебұлан туғанда
***
Ауырғаны батқанда сәл басыңның,
қандай жақсы болғаны жалғасыңның,
иiскеп тұрып ұлыңды – қуанасың,
демiн жұтып тұрғандай бар ғасырдың.
Елеместен мұз-қарды, жауынды да,
ұмытардай ұмытпас дауыңды да;
иiскеп тұрып ұлыңды – кешiресiң,
досың түгiл, кетiскен жауыңды да…
Бiле тұрып бiреудiң алдағанын,
сезе тұрып бiреудiң арбағанын,
иiскеп тұрып ұлыңды – бiр жасайсың,
естiгендей күндердiң алдағы әнiн.
Көп күдiгi көңiлдiң көшiп, тегi,
қос бөлмеңнiң аядай өсiп көгi,
хан сарайда тұрғандай – марқаясың,
иiскеп тұрып ұлыңды бесiктегi…
желтоқсан, 1981 жыл.





Пікір жазу