23.03.2022
  122


Автор: Нұрлан Оразалин

Көңiлiмдi кеулеп...

Көңiлiмдi кеулеп, кезiп өгей үн,
кiмдi
қалай оңашада сөгейiн?!.
Қылдай кiнәм жоқ едi ғой, апыр-ай,
ғайбаттапсың бiреулерге… Не дейiн?!
Кешiп жалғыз жасыл түнiн шiлденiң,
өзiмдi үнсiз жұлмаладым, тiлдедiм.
Өзегiмдi өрт боп шалды қу өсек,
Аға, саған не дерiмдi бiлмедiм?!.
Бойды билеп «ождан» деген отты ағын,
шамырқанып, сына жаздап тоқтадым.
Жо-жоқ, аға! Не демейдi тiл шiркiн…
Мен тоқтадым, сен де, сен де тоқтағын!
Сабыр!..
Сабыр!..
Салауат айт, сөзге ерме,
«алтыныңды» қолыңдағы «жез» көрме,
құбылаға қарап тұрып құбылма,
сырғанама, сынаптайын өзгерме.
Қорғасын бұлт түйiлiп кеп, тарады,
(ашуымды ақыл жеңiп барады).
 
Жазықсызбын!
Жәбiрлеме, ағажан!
Тырнама аузын жүректегi «жараның».
Өсек, ғайбат – ара ағайын, тiлге сын,
арқа берiп, сырт айналып күлмесiн.
Қамшылама!
«Намыс» деген асау ат
екеумiздi жығып кетiп жүрмесiн.
желтоқсан, 1980 жыл.





Пікір жазу