23.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

Ала таңда…

Ала таңда… Қызыл iңiр – кеште ойлы,
қаңтарда да қар көметiн төскейдi,
күзде, жазда, көктемде
жыр – сезiмнiң алауы бiр өшпейдi.
Сәттерiмде қуанғанда, мұң басқан,
сол сезiмге бөленердей түнгi аспан,
бiр тылсым ән бебеу қағып тұрады,
жүрегiмдi тербеп ылғи тынбастан.
Шабыттансам – шулатады көшенi,
қайғымды да бөлiседi, кешедi,
думандатсам – ақтарылып тойларда,
қатар тұрып көтередi кесенi.
Қыр соңымнан қалмай бiр сәт, бiр елi,
өңiм түгiл, түсiмде де жүредi.
Мен қамықсам – қамығады ол бiрге,
мен уансам – шаттанады, күледi.
Сенбесеңдер, жырларымнан сұраңдар,
кернеп жүрген көкiрегiмдi бiр ән бар,
өмiр жәйлi өзегiмдi өртеген,
дала жәйлi жортатұғын құландар.
Сол бiр әнде – Намысым да, Арым да,
арындашы, жыр-сезiмiм, арында!
Сен үзiлсең – үзiлгенiм менiң де,
Мен аманмын – сенiң аман, барыңда…
наурыз, 1981 жыл.





Пікір жазу