23.03.2022
  134


Автор: Нұрлан Оразалин

Күздiң сынық қабағы…

Күздiң сынық қабағы… Нұр жасырып,
жапырақсыз жабырқап тұр ма шыбық?
Жалғыз атты жолаушы – саятшы қарт
тау бөктерлеп келедi қырға асығып.
Тұғырында – бүркiтi томағалы,
тiзгiн тартып, маңайын шолады, әнi.
Қызыл түлкi-дүние – көз ұшында,
көз ұшында бұлдырап жол ағады.
Саятшы қарт тоқтаса жолын көрiп,
сырттан тазы бүлкектер соңында ерiп.
Күз-сонардың осынау тыныштығын
тасырлатып бұзады қорымда елiк.
Көкбастаудың жабысып белесiне,
қайдағыны оралтып ел есiне;
шайқақ-шайқақ етедi түлкi тұмақ,
көк бүркiтiн көтерiп төбесiне…
қазан, 1980 жыл





Пікір жазу