23.03.2022
  122


Автор: Нұрлан Оразалин

Ана кезең – Омарталы…

Ана кезең – Омарталы…
Ұрты – бал,
күнгейiнде орманшының жұрты бар.
Жайрап жатқан қымыздықтың қолтығы,
одан әрi – қарақорым… Сырты – қар.
Көбесiнен қарағайлы жыртықтың
күзгi аспан мен сығалайды үркiп күн,
шың төсiнен қызыл iңiр қандаған
естiледi «шаңқ» еткенi бүркiттiң.
Таныс дауыс… Бала күнгi таныс үн.
Жапан тауды мекен еткен танысым –
Ана-Бұғы бүгiн неге мазасыз?!.
Бүгiн неге жаңғыртып жүр тау iшiн?!
Үнi мұңды. Мүмкiн емес тыңдамау,
(қия беттен қылаңытып сынды алау).
Тоқтар емес… Ана-Бұғы боздап жүр,
Боздап жатыр қия жақпар шың да анау.
Үн қатқандай қыркүйектiң құрағы,
тiл қатқандай көк кезеңнiң бұлағы.
Талықсып кеп аспан асты, жер үстi,
бұғы зары…
Қолқаңды кеп ұрады.
 
Төбесiнен қарағайлы жыртықтың
шам жанады, сығалайды үркiп түн.
Әлдеқайдан көк аспанды қақ тiлiп,
естiледi «шаңқ» еткенi бүркiттiң…
қазан, 1980 жыл.





Пікір жазу