23.03.2022
  180


Автор: Нұрлан Оразалин

Ойырманың құламасы....

Ойырманың құламасы – қойлы ауыл.
Жалғыз түтiн, жалғыз үйлi ойлы ауыл.
Жалғыз мама…
Жалғыз ошақ…
Жапан сай…
Қоңыр таудың қоңырайған қойнауы.
Көк түтiннiң қонақтатып иiсiн,
қоңыр тiрлiк қоңсылаған үй iшiн;
қазандықта от жанады қызарып,
сыртта қойлар қайырады күйiсiн.
Ай сәулесi дiрiл қағып түндiктен,
емiс-емiс дауыс жетер Шүңгiттен;
кәлимасын он қайырып iргеде
отыр әже қарқарадай күндiкпен.
Сыртта келiн…
Абыр-сабыр ас қамы,
әнтек үнi – байқалады сасқаны.
Қотан жақта «үриттеп» жүр қожайын,
бiлмейтұғын қой қамынан басқаны.
Отыр әже ой сабасын сапырып,
әлсiн-әлсiн айға қарап «ах» ұрып,
«қазан биыл қақап тұр» деп күбiрлеп,
қоңыр үйдiң сүт кенжесiн шақырып.
 
«Шопан ата құйрық-жалды күзеуде,
дәм бұйырса, көшемiз деп күзеуге»,
күндiктi әже күндiк қамын түгендеп,
сөз аяғын сан қайырып түзеуде.
Ал iргеде қарағайлы сай ұлып,
қара суық томағасын қайырып,
қою iңiр қаусырып ап қолтықты,
түн жауады қара аспаннан жайылып.
Түн жауады…
Ойырманың құламасы – қойлы ауыл,
жалғыз түтiн.
Жалғыз үйлi ойлы ауыл…
Үркер ауған кезде селсоқ ит үрiп,
Үркiтедi таудың тыныш қойнауын…
Ұйқы алдында қойлы ауыл…
қазан, 1980 жыл.





Пікір жазу