23.03.2022
  482


Автор: Нұрлан Оразалин

ТАНЫСТЫРУ

Түйiп ал да, ендiгәрi сұрама,
мен туған үй,
мен туған жер,
мiне, ұлым, мына ара:
сарыала егiн қоршап жатқан егiз там,
түстiгiнде – қылдап өрген мұнара.
Сәл аялда, сап-сап көңiл мәулетi,
бiтiк егiн – жаңа ауылдың дәулетi;
құлын күнiм – егiз там,
ал мұнара?..
Осы ауылдың өткен-кеткен әулетi.
Ертегi емес… (Жорымағын тосынға)
ғұмыр кешкен көне диiрмен, қосында,
қос күмбездiң қасындағы төмпешiк –
менiң атам, сенiң бабаң осында…
Бiлем…
Бiлем…
Көкейiңде сұрау көп.
«Әкем неге сәл мұңайып тұр-ау» – деп,
қиналма, ұлым, тiзе бүк,
жатыр мұнда ту көтерген бiр әулет.
Осы арада туып-өскен, жар құшқан,
(көсегесi көгергендей алғыстан)
 
момын кiсi жатыр ұйқтап ұл сүйген,
қыз да сүйген,
малын, жанын аман сақтап сан қыстан.
Колхоз құрған,
егiн салған,
мал баққан,
пiшен шауып, өзендердi жалдатқан
жатыр мұнда бiр еңбекқор, майдангер,
бiрге қайтқан жеңiспенен солдаттан.
45-те…
Қайта оралып сау басы
(сыңар аяқ – тыныштықтың сауғасы),
думандатқан күллi сонда Бақағаш,
думандатқан егiз тамның ауласы.
Адал сөзге теңгермеген хан ұлын,
жатыр мұнда сенiң бабаң, жан ұлым,
ерлiк, еңбек көктесiн деп жерiнде
осы араға жайған бұтақ, тамырын.
Бiр iсiнде қылдай күмән, қарау жоқ,
жабықтырмай жалғыз аяқ – жарау көк;
мал бақтырып, түрендi де салғызған:
«мың бейнеттiң бiр зейнетi бар-ау» деп…
Шинель тозып, қайта киiп шекпенiн,
иыққа асып Зауыт ұста кетпенiн,
өзге түгiл, аңғармаған өзi де
еңбекпенен дүниеден өткенiн…
Оған куә –
қара жер мен көкте күн;
ол азаптың бiрiн де мен шекпедiм.
 
Көрдiм бiрақ осы өлкенiң зейнетiн
(Жеңiстен соң
тудым,
өстiм,
көктедiм…).
Әкем туған,
әжем туған,
анам да…
Атам туған,
осы өлкеде бабам да
сөз арнаған ғасырларға, заманға.
Туған жерi – жер кiндiгi, жан ұлым,
болып өткен қазақ үшiн әмәнда…
Көргенсiздер көкейiне түйе алмас,
көрмегендер жана да алмас, күйе алмас,
Үйiн,
Жерiн
сүймегендер өртенiп,
Кең Даласын,
Отанын да сүйе алмас.
Тiзеңдi бүк!
Бiз туған жер,
бiз өскен жер – осы ара,
Қазақ жерi…
– алтын ұя…
Босаға!..
қазан, 1980 жыл.





Пікір жазу