23.03.2022
242
КҮРЕС ЖЫРЫ
Өкпе де керек,
жүрек те керек, бауырым,
бүйрек те керек,
сирақ та керек, бауырым.
Жұлын да,
ми да,
құлақ та,
көз де,
жауырын…
Бәрi де
бәрi керек шын,
он екi мүшең,
омыртқа, басың,
жамбасың
аманда ғана керексiң…
Керексiң мынау жерге Сен,
керексiң мынау аспанға,
қырқаға,
жонға,
өрге сен –
керексiң
көгал мен көлге,
тастарға…
Жауыңа және достарға;
керексiң мына заманға,
аяғың,
қолың,
арың аманда,
мұң кешiп тарымағанда,
бiлегiң,
қарың
арымағанда…
Ұлың аманда,
қызың аманда,
жарың аманда,
Сөзiң аманда,
Сезiм аманда,
Отаның…
Аспаның бейбiт,
көзiң аманда,
(күрес пен жеңiс – ерге сын),
өзгеден бұрын,
өзiңе ғана сен, Досым…
Күресу керек – өмiрiң үшiн!
Тiрлiгiң үшiн күресу керек!
Келгесiн…
қыркүйек, 1979 жыл.