23.03.2022
  211


Автор: Нұрлан Оразалин

Өкiнбе, дос....

Өкiнбе, дос, бiз бармаған той аз ба?
Азап-мұңын бiз шекпеген ой аз ба?!
Өлең үшiн мәңгi майдан – бұл өмiр,
қар, дауылға, қарсы жүру аязға.
Тағдырыңнан, тар кезеңнен ықпастан,
тоғайлардан соқпақ iздеу мүк басқан,
өлең үшiн мәңгi арпалыс – бұл ғұмыр,
қарсы тұру қаталдыққа бұқпастан.
Сезу,
көру,
есту, тыңдау – күресу,
шындық үшiн шырқырап кеп тiресу,
Ақын болу хақтың iсi…
Мұратың –
жазымыш пен жалған жайлы жыр есу.
Сөзiң сенiң – тiлiп түсер алдаспан,
кәусар бұлақ халық iшер қанбастан.
Семсер оймен, шербет мұңмен адамзат
күн астында күйген, сүйген, жалғасқан.
Үнiң сенiң мылқауларға сөз берген,
жырың сенiң соқырларға көз берген.
Хақтың сөзi болған үшiн жұмыр жер,
мың сан ғасыр түлеген де өзгерген.
 
Айтарымыз – мына жалпақ елге сын,
өкiнбе, дос, ақын болып келгесiн.
Айт!
Айтып қал!
Мүдiрме!
Адамдарға айтар Сөзiң өлмесiн.
қараша, 1980 жыл.





Пікір жазу