Шуағына сенедi...
Шуағына сенедi келер күннiң,
нөсерiне сенедi төгер күннiң,
сезiнедi, сенедi, сондықтан да,
азабына көнедi шегер мұңның...
Айын, ұстап жұлдызын, көгiн биiк,
тегiн олар жанбайды, тегiн күйiп,
жұмыр жерге, сенедi Отанына,
егiн егiп, мал баққан терiн құйып.
Сенедi олар досына, жарына да,
жаңбырға да, ақпанның қарына да,
сезiмiн селт еткiзер құбылыстың
сенедi олар бәрiне, барына да…
Сезiнедi… Сенедi ғажапқа да,
үмiтке де сенедi аз-ақ қана;
Сезiмi мен сенiмiн серiк етiп,
көнедi олар сондықтан азапқа да.
(Сенiмiне дем берсең аз-ақ қана,
Шындық үшiн кiредi «дозаққа да»).
Ақыныңды аяла, қайра, жұртым,
Бiрақ…
Бiрақ…
Абайла, мазақтама.
Мазақтама!
Сенiмiн былғамағын.
Кәрi-жасың тыңдағын, тыңда бәрiң.
Ақын – ары халықтың биiк ұстар,
мазақ болған ақының – сынған арың…
20 қараша, 1980 жыл.