23.03.2022
  138


Автор: Нұрлан Оразалин

АҚЫН-ТАҒДЫР

 Не көрсек те бiз бiрге көрмек едiк,
не терсек те бiз бiрге термек едiк.
Амал қанша, қасқа жол бөлдi бiздi,
аламаны өмiрдiң керме керiп.
Өттi жылдар…
Өттi күн…
Өттi уақыт…
Сананы ұрып, сезiмдi кеттi уатып.
Өлең дейтiн құр асау бас берместен,
ауыздырық салғызбай өттi бақыт.
Күйкi ойларға бұрғызбай жердегi өрген,
сөз түгендеп, өлеңнен өрмек өрген
Ақын-тағдыр күрсiнттi неше менi
аққудайын адасып көлде көрген.
Жүрегiмдi мұң қапты, сезiм талап,
қажап менi, мұжыды төзiм, талап.
Күндерiмде есеп жоқ…
Естимiсiң?!
Таңды-таңға жалғадым көз уқалап.
 
Өзiмдi-өзiм жебеумен – алданамын,
алданам да, қайтадан жалғанамын.
Ойды жиi қозғайды сол қасқа жол,
қасқа жолдан басталған арман-ағын…
12 қараша, 1980 жыл –
10 мамыр, 1995жыл.





Пікір жазу