23.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

Сенiң әнiң....

Сенiң әнiң сезiмiмдi түлеттi,
қаңтар түнiн мамыр еттi…
Гүл еттi…
Жандауысың дабыл қағып кеудеде,
жыр боп жаңа жарып шықты жүректi.
Жарып шықты бұлт iшiнен Ай күлiп,
аязды түн алыстады қайғы ұлып.
Түкпiрiнде жүрегiмнiң күркiреп,
ашу қысып, жарқ еттi бiр Жай-Бүлiк.
Ағып өттi…
Ағып түстi жасындай,
Сенiң әнiң – көктiң ауыр тасындай.
Жандауысың жаңқалады жанымды,
жаңқаланып аспанымда асылды Ай.
Шын мұңайдың…
Шын жыладың…
Жылаттың…
Сеңдерiмдi ерiттiң де, құлаттың.
Сенiң әнiң көзi ме едi, апыр-ай,
суалмайтын, тартылмайтын бұлақтың?!
Ойларымды тас-талқан қып күредiң.
Бұрын қайда?..
Қай қиырда жүр едiң?
Сенiң әнiң бiр сұрапыл әкелдi,
аман қалса жарар едi жүрегiм?!.
20 қаңтар, 1980 жыл.





Пікір жазу