23.03.2022
117
Жұлынды....
Жұлынды ұрып,
буынды ұрып,
естi алып,
сынық күлше бара жатыр төсте ағып.
Сызып өтiп бiр тылсым ән кеудесiн,
күрсiнедi, мұңаяды кеш налып…
Мұңаяды…
Үйлер,
көше,
бақтар да,
қайыңдар да,
кiреукелi ақ тал да,
түнгi неон шамдары,
сықырлауық ақ қар да…
Мұңаяды
түнгi Алматы…
Жер-Көк те…
Әйнектердi аяз буып, өрнектеп.
Қаңтар ұлып бара жатыр аспанмен,
қаңтарулы сезiм ұлып жөргекте.
Сынық күлше барады ағып шалқалап,
сынған,
жанған
күндерiмдi арқалап.
Әлдекiмдер
сүйiседi,
билейдi…
Емiс-емiс кафе жақтан ән тарап.
Жұлындырып,
буындырып,
естi алып.
Сынық Айым…
Бара жатыр төсте ағып.
Жарын күткен арудайын өртенiп,
күрсiнедi, мұңаяды кеш налып.
10 қаңтар, 1980 жыл.