23.03.2022
  121


Автор: Нұрлан Оразалин

Саған ғана....

Саған ғана сенемiн, сенiп өтем,
(басқа ойлардың бәрi де желiк екен).
Сүю, сүю – шын бақыт…
Күдiк мүлдем
алаңдата көрмесiн сенi бөтен.
Саған деген жүректiң әнi бөтен,
саған деген сезiмнiң сәнi бөтен.
Сүю, сүю – шын арман…
Сол үшiн де
өртенемiн,
күйемiн,
жанып өтем.
Аяласаң, аяла түндi, менi,
(қанша ғұмыр кешемiз кiм бiледi?!)
Сүю, сүю – шын азап…
Жүрегiмдi
азаптағын, аямай тiлгiлегiн.
Әнiңменен,
отыңмен,
сезiмiңмен,
арманыңмен аяла көзi күлген.
Мен көнемiн бәрiне, бәрiне де,
саған деген сенiммен, төзiмiммен.
 
Саған ғана сенемiн, сенiп өтем,
(басқа ойлардың бәрi де желiк екен).
Сүйген жандар төзедi бәрiне де,
күдiк қажап жүрмесiн сенi бөтен,
Саған ғана сенемiн, сенiп өтем.
20 қаңтар, 1980 жыл





Пікір жазу