23.03.2022
125
Кең әлемге...
Кең әлемге ұшырған елшiм едiң,
қалқып ұшып, аққуым, келшi менiң.
Сенен басқа бiр пенде хақылы емес,
айдынымды тек өзiң еншiлегiн.
Еншiлегiн қамысын, қоғасын да,
ұшасың ба, еркiңде – қонасың ба?
Бет алғаның шын болса, тездетiп кел,
қарамастан жауынға, борасынға.
Қарсы алдыңнан бұла аспан, жон керiлiп,
тұрса-дағы бау-бақша көмкерiлiп,
қарамай ұш, бiрiне бұрылмай ұш,
базарыңды алып ұш, төңкерiлiп.
Сенi күтер толықсып тоғай, гүлiм,
сенi күтер үздiгiп көп ай, күнiм,
ақпан-көңiл күткендей көк мамырын,
Сенi…
Сенi күтуде көк айдыным.
Кең әлемге ұшырған елшiм едiң,
әуелеген, аққуым, келшi менiң.
Сенен өзге ешкiмнiң хақысы жоқ,
айдынымды бiр өзiң еншiлегiн.
Келшi құсым, аққуым, келшi менiң.
10 желтоқсан, 1979 жыл.