23.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

Салтанаты қаланың....

Салтанаты қаланың жерiткендей,
көкжиектер көңiлiн ерiткендей,
сезiм қашып барады қанаттанып,
қою қара түндерде…
Елiктердей…
Сана төрiн сызғылап құйындаған,
ессiз күндер – бұйырған, бұйырмаған;
ағараңдап барады арман қашып,
омырауын жел сүйiп, күй ұрлаған.
Күмiс тұяқ…
Күмiс ән
шыйырлаған…
жанарында: қою түн, қиыр далам;
төзiм үркiп барады тау-таспенен,
жырдан өзге ешкiмге сиынбаған.
Кейде күлiп, қуанған, нала қысып,
жалғыздығын жұбатқан шарап iшiп,
қоңыраулы таңдарды күмбiрлетiп,
омыраулы кездерiм барады ұшып.
Барады ұшып, заулаған елiктердей,
салтанаты қаланың жерiткендей,
сары қырға салқиған сағым құшқан,
(ақыл менен санаға ерiк бермей),
сезiм қашып барады, сезiм қашып,
сөзiм қашып барады елiктердей…
2 қаңтар, 1980 жыл –
18 сәуiр, 1995 жыл.





Пікір жазу