23.03.2022
  125


Автор: Нұрлан Оразалин

Ауа дымқыл…

Ауа дымқыл…
Күн бұлыңғыр…
Тұр тынып…
Жатыр таулар зiлмауыр боп, қыр тынып.
Тез ашылса қайтер едi, апыр-ай,
көкжиектiң балақ-жеңi жыртылып.
Беу, табиғат!
Неге?.. Неге қаңтардың?
(Айтылатын жұлдыз-жанар ән талды).
Жалықтырды жылымық пен көктайғақ.
Қайда?
Қайда?
Сары аязы қаңтардың?
Жүректердi, көңiлдердi күптi қып,
(бұйырмасын тұрсам осы түктi ұғып?);
кешiгiп тұр
аяз-жiгiт,
келiн-қар,
кешiккенi – төзiмiмдi бiттi үгiп.
Ауа дымқыл…
Күн бұлыңғыр…
Тұр тынып…
Қыс аңсаған қала жатыр, қыр тынып.
Ақ бұрқасын…
Ақша қарым, жаушы бiр,
көкжиектiң балақ-жеңi жыртылып…
25 желтоқсан, 1979 жыл.





Пікір жазу