23.03.2022
  106


Автор: Нұрлан Оразалин

Құсы қашып....

Құсы қашып көлiмнен көп үмiттiң,
көкiректен көшкенде көмiлiп түн…
«Қайта тусам қайтер ем?» деп те кейде,
оранамын қиялға егiлiп мың.
Өмiрiмнiң құбылып сонар көгi,
бәрi, бәлкiм, басқаша болар ма едi?!
басқа Нұрлан басқаша ғұмыр кешiп,
қонбай кеткен құстарым қонар ма едi?!.
Кезеңдердi сiлкiлеп қайдағы мұң,
өзендердiң көтерiп сайдағы үнiн,
басқа Нұрлан басқаша ғұмыр кешiп,
сезiмi ұшып жүрмей ме Айға, күнiм?!.
Жо-жоқ!
Тоқта!
Сап, көңiл, шебiңдемiн.
(Адастырар адамды тегiнде мұң).
Мен өзгерiп, апыр-ай, не iстемекпiн?!
Жер өзгермес, өзгермес көгiмдегi үн.
Екi ғұмыр сұраман, төгiл, демiм!
Шабыт берсең, болғаны – көгiңдемiн.
Бiр-ақ ғұмыр сұраймын сондықтан да,
естен кетпес жыр сыйла, көгiмдегi үн…
 
Ғұмыр сыйла, бiр ғұмыр бiлер елiм,
өлең сыйла тап басар жүрек емiн.
Екi ғұмыр берсең де мен бәрiбiр,
дәл осылай өмiрдi сүрер едiм…
6 қаңтар, 1980 жыл –
16 сәуiр, 1995 жыл.





Пікір жазу