23.03.2022
113
ЖҮРЕГIМДI ДҮБIРЛЕТIП МЫҢ ТҰЯҚ…
«Шындық, досым, сусып кетер қолдағы
Зат екенiн ұмытпасаң, болғаны…»
Омар Хайям
***
Арман шiркiн мiнiп жүйрiк пырақты,
жалғап ұшып жақын менен жырақты…
Кезiп ой-хой! Дүбiрлетiп келедi,
тұяғымен тау-жыраны, қыратты.
Сана төрiн күмбiрлетiп қашқан үн,
асау ойлар жұлқысады баста мың;
өзiң қонып Алатауға, ал көңiл
шарлайтындай алты құрлық аспанын.
Жүрегiңдi тiлiм-тiлiм езiп мың,
қашатындай асау сезiм кезiп түн,
мың сан дауыс тынышын ап сананың,
безiп жалған, кететiндей безiп күн.
Кештерiңдi терезеңнен мұң кiрген,
сәттерiңдi азап буып, түн бүрген
тағдыр бейбақ тәлкек етiп жатқандай,
күндей болып күркiрейдi күнде iргең…
23 қаңтар, 1980 жыл –
15 сәуiр, 1995 жыл.