ЫНТЫМАҚ ЖЫРЫ
Жер бетiнде iңiр барда, таң барда,
Жер бетiнде азап барда, ән барда,
Тыну…
Сыну…
Шет қалу – жараспайды
Ақын болып жаратылған жандарға.
Кiнә…
Кiнә…
Ақындарға күнә – бұл.
(Мейлi азаптан! мейлi шаттан!
Жыла! Күл!)
Арып-ашып былғамастан қағазды,
Ай мен Түннен,
Жер мен Көктен сұра жыр.
Қарамайтын ымыра мен былшылға,
бұрылмайтын жәдiгөй мен сыршылға,
Жыр сұрағын уақытты тiзгiндер,
ортақ ойлы данаға да, қыршынға.
Жұмысшыға,
диханға да,
малшыға,
ғалымға да,
балықшыға, аңшыға,
адамзатты аялайтын сұра жыр,
кiрiптарға,
құл-құтанға,
ортақ өлең – жалшыға.
Балтық үшiн Нiл кеудесiн тосатын,
Едiл суын Рейнге қосатын,
алты құрлық аспандатар сұра жыр,
бейбiт таңның әнiндей боп тасатын.
Алатауым Карпатпенен тiлдесер,
Ертiс суы Днестрмен мiңгесер,
Тау, Даланы аспандатар сұра жыр,
Никарагуа Чили үшiн мұң кешер.
Еркiн сөйлер тығылмай да, тарынбай,
ұлын күткен аналардың арындай,
тарқамаған түтiнiндей Фудзидiң,
Хиросима…
Нагасаки зарындай.
Тынба!
Сынба!
Дабылын соқ жаршының.
(Кiмдер қалыс?
Қарсы кiм?)
Сұра!
Сұра!
Жер бетiне ынтымақ,
сұра амандық бұғазына Парсының.
Ақын болсаң адаспа да, шатыспа,
оқпен емес, өлеңiңмен атыс та,
Сұра!
Сұра ғасырыңа тыныштық,
сұра амандық Шығысың мен Батысқа.
Тыну…
Сыну…
Ақындарға күнә – бұл.
(Мейлi азаптан!
Мейлi шаттан!
Жыла!.. Күл!..)
Миың менен жүрегiңдi сiлкi де,
алты құрлық сiлкiнетiн сұра жыр!
8 қаңтар, 1980 жыл.