ЖIГЕР ЖЫРЫ
Табаламан…
Таптаман бiрiн де мен,
Неге керек құр сезiм «дiрiлдеген?»
Керек емес бүгiнде құрғақ ойлар,
реактив моторындай гүрiлдеген…
Керек!
Керек өлең:
Жаныңа нұр ектiрер,
сәуiрдегi белестей түлеп, күлер,
мамырдағы шиедей шешек жарып,
тамырдағы қаныңды түлеттiрер.
Керек!
Керек өлең
Сұрайтын бiлектiлер,
нәзiк жандар, ширығар жүректiлер,
өзегiнде өртенер өмiр – ағыс,
озбау үшiн тiрлiкте кiл ептiлер.
Жаз – жаңбырын аңсаған қыраттардай,
көкжиекке құлаған жырақтардай,
тартқан менiң Тауым мен кең Далама
керек өлең
жүйрiк жыр құр аттардай!
Қарсы тұрар егiлу, езiлуге
үйрететiн сүюге, сезiнуге.
Өлең керек алапат мiнезi бар,
үйрететiн күюге, безiнуге.
Қалғып-мүлгiп дүние жатпау үшiн,
тiршiлiктiң қабағы қатпау үшiн,
атбегiдей тiзгiндер шындықтарды,
Өлең керек!
Сұлулығын өмiрдiң сақтау үшiн.
Болмашыға бордай боп үгiлмейтiн,
бодауына көр-жердiң тiгiлмейтiн,
Өлең керек
жалғайтын жүректердi
Үзiлмейтiн…
Сынбайтын…
Бүгiлмейтiн…
17 желтоқсан, 1979 жыл.