23.03.2022
  1076


Автор: Нұрлан Оразалин

РЕСПУБЛИКА ЖЫРЫ

Мынау ұлы заманда…
Ұлы ағында…
Теңiзiңде, тулаған бұлағыңда…
Қызыл…
Қара…
Ақ нәсiл қатарында
Мен де тұрмын замана құлағында.
Жасқанамын несiне, жасырамын,
жүрегiмен ұғынған ғасыр әнiн
Мен – халықпын…
Жоғала жаздап неше,
қайта туып, жалғаған асыл әнiн.
Мойын бұрмай қайғы атты «сығырыңа»,
қонған қайта өзiнiң тұғырына
Қазақ деген ұлтпын Мен тәубасы мол,
алғысы көп тағдырлы ғұмырына.
Қиын-қыстау күндерден – қыспақтардан,
Атажұртын Алаштың ұстап қалған,
жалғастардың кешегi жалғасымын,
аман жеткен
Сақ, Хұннан,
Қыпшақтардан…
Домбыраның шанағы күй ақтарған,
қобызымның сарыны сияқты арман.
 
Дәуiрлердi құрықтап құр асаудай,
жеткен елмiн Қайсақ пен Қияттардан.
Шыңғысты да,
көргенмiн Ескендiрдi,
көшкен күндi, көргенмiн өшкен күндi;
жиырмасыншы ғасырға әкелгем мен
туған ана тiлiмде көшкен жырды.
Қайғымменен…
Қуаныш…
Зарымменен…
Болмысыммен, осынау барымменен,
тура қарап тiлдескем заманамен,
ақтарылып ағымнан Арымменен.
Мен тiлдескем тiлдессем, жүрегiммен,
сенiп ұлы таңдарға күле кiрген.
Алатау боп иығы көк тiреген,
Сарыарқа боп толқыған дүр егiннен.
Арқалаған айдынды ғасыр әнiн,
(Байтақ елмiн… Қалайша басыламын?!.)
Атыраумын, Алтаймын, Ақжайықпын,
айдынында тулаған тасып ағын…
Жасқанамын, несiне жасырамын?!
Дәуiр әнiн…
Ұғынған ғасыр әнiн,
Қазақ атты халықпын… Мәңгiлiкке
жалғастардың жалғаған асыл әнiн.
10 сәуiр, 1980 жыл.





Пікір жазу