23.03.2022
  153


Автор: Нұрлан Оразалин

Бiр бойымда....

Бiр бойымда екi адам тiреседi:
Бiрiншiсi өртенiп, жыр еседi,
екiншiсi жасырып өз сезiмiн,
ел алдында «кiсiмсiп», сiреседi.
Бiрi – ақкөңiл. Сыры жоқ жасыратын,
сөздi-дағы сiлтейдi асыра тым.
Екiншiнiң мiнезi басқа мүлдем:
Маңғаз. Кердең. Бойында басым «ақыл».
Алғашқының сезiмi – бұлақтайын,
асып-тасып жатады құлап дәйiм.
Ал екiншi?
Ұстамды шамадан тыс,
қара көрiк кеудесi – сұрақ дәйiм.
Екi мiнез…
Екi адам…
Тартысуда…
Екi сезiм жүректе шарпысуда.
Арашаға түспесе үшiншiсi,
мына даудың кетердей арты суға,
шарпысуда, екi адам тартысуда.
Жүректегi қадалып шарайнаға,
өз-өзiмнен сұраймын:
– Қалай, бала?
Бүтiнiңдi қақ бөлiп кеудеңдегi
жүрмекшiсiң қашанғы, қалай ғана?!.
мамыр, 1984 жыл.





Пікір жазу