23.03.2022
  157


Автор: Нұрлан Оразалин

Өзгенi де....

Өзгенi де өзiмдi ырза қылып,
бiттi-ау десем жаңа бiр жыр жазылып,
бас көтерiп шығады бiр бүйiрден,
бұлқан-талқан, менсiнбей «мырза-күдiк».
Алақанға қондыр деп бiрден айды,
шәлкем-шалыс мiнезi iрге жайды.
Шыр-пыр қылып көңiлдi, әлсiн-әлсiн
Махамбеттi айтады ол, бiрде – Абайды.
Айтады да қашады қас қағымда,
ту сыртымда үнi қап, бас жағымда.
Түн ұйқымды бөледi: «Ұлы ақындар
жақсы жырын жазған деп жас шағында».
Жазса, жазған шығар-ау… Таласым жоқ...
Жыр мен жастық – құлын-тай, жарасым көп.
Тiрiсiнде, бiрақ та, соларды кiм
айтты дейсiң
«Ұлысың… Данасың» деп?!
қазан, 1981 жыл.





Пікір жазу