23.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

Көңiлiмдi биiктет....

Көңiлiмдi биiктет аласарған,
күндерiмдi ұмытқыз жара салған,
шуағын өр, түндердiң жұлдызын өр,
ән боп шалқып, тарашы,
тарашы, арман.
Махббатын аялар, құшар ұққан,
тынығуды сезiнер iс арытқан.
Ал ақындар армансыз мына өмiрде
жарылып кетер, сiрә, құсалықтан?!.
Әнсiз…
Күйсiз…
Мына өмiр – өмiр емес,
ән жоқ жерде басады не бiр елес;
сезiнгенге,
ұққанға,
түсiнгенге,
адам жаны тас емес, темiр емес.
Жүректердi онсыз да шандып азап,
жүйке менен жұлынды, жанды қажап,
жатқан шақта тiрлiктiң тауқыметi
адам жаны тiлейдi әндi ғажап.
Әндi ғажап тiлейдi төгiлетiн,
мұңаятын,
 
күлетiн,
егiлетiн,
бәрiн, бәрiн бiр сәтке ұмыттырып,
жағатұғын кеудеде сезiм отын.
Ұмытқызар күндердi жара салған,
биiктетер көңiлдi аласарған,
күмбiрлешi кеудемде, беу, дүние,
ән боп шалқып, тарашы, тарашы, арман!..
16 қаңтар, 1980 жыл.





Пікір жазу