23.03.2022
112
Рымғали Нұрғалиевке
Тынышын ап сезiмнiң ерек бiр үн,
неге мұнша, беу, көңiл, өрекпiдiң?
Абай ендi туар ма екi қайтып,
екi қайта жарар ма терек бүрiн?!.
Аттандырып ұйқысыз сағаттарды,
Төзiм талды...
Жанарым, тағат талды...
Өмiр – боран... Барады үзiп-жұлқып
дәптерiмнен жыртылған парақтарды.
Аялдамай, бұрылмай қас-қағымға,
шыр айналып өтердей аспаным да.
Жүрекжарды бiр сөзiм айтылмастан,
жұтылар ма Дауысым...
Тасқа...
Құмға?!.
Тiл қатардай есiктен ерек бiр үн.
Неге мұнша, беу, көңiл, өрекпiдiң?
Сабыр...
Сабыр...
Тумайды Абай қайтып,
екi жармас көктемде терек бүрiн.
Жә, ұйықталық!
Жүрекке керек тыным...
қараша, 1982 жыл.