ЖӘНIБЕКТIҢ ӘНI
Есетiндей сырлы, сұлу саз бөтен,
есiл жүрек қандай ғана жазды екен?!
Арбап алған ару қыз ба? Үнiң бе?
Жәнiбек-ай, әнiң ғажап, назды екен.
Iздесең де таптырмайтын жалғаннан
бiр перизат мүсiнделген арманнан…
Үнiң сенiң үздiктiрдi жүректi,
бота-жанар жаудырады бар маңнан.
Сиқырлы мұң тербеп тау мен тал басын,
бұзды көңiл буырқанып арнасын.
Есiмдi алды ертегiдей бiр сурет,
iздеп түннiң еңку-еңку жалғасын.
Ақбоз үйлi оралғандай көш кейiн,
кездi көктем кең даламның төскейiн.
Бота жанар… Балбұлақтың үнiндей…
Балбұл жанып, балбыратты…(Не iстейiн?!)
Әуелеттiң… Айхай, бозым, тоқтамай…
Мың сан жұлдыз… Құламай тұр көк қалай?!
Жыламай тұр мына Алматы қалайша,
қарымай тұр саналарды шоқ қалай?!
Жерге түстiң… Қонды қырға түн-сағым.
Ай қалғыды қанатында шыршаның.
Алатауды қозғағандай дауысың,
қос iшекке қалай сыйған мұнша мұң?!.
Еңку-еңку есетiндей саз бөтен,
Жәнiбек-ай, әнiң сұлу, назды екен…
Қозыдайын қыз Баянын сағынған
есiл жүрек қандай ғана жазды екен?!
қазан, 1980 жыл.