23.03.2022
  114


Автор: Нұрлан Оразалин

Кешiр менi

Кешiр менi, өлең атты серiгiм!
Кешiр менi, өнер қуған перi күн!
Өмiр бейне – алып сахна… Актер көп…
Адамдардың «ойынынан» жерiдiм.
Қарап тұрсаң: Бiрiн-бiрi арбайды,
жұбатқан боп, бiрiн-бiрi алдайды.
Дүниенiң «алды – соқпақ, арты – жар»,
азаншысы қазаншысын қарғайды.
Алтыны бар ар қабағын бақпайды,
арлы пенде арсыздарға жақпайды.
Өмір атты «театрдың» салты осы,
өтiрiкшi өсекшiсiн мақтайды.
Қарай-қарай төзiм бiттi, мұң бiттi,
ой, арманнан – аспан күптi, түн күптi;
ойнаймыз деп қилы-қиын рольдi,
жын-перiге айналдырдық шындықты.
Көштi талай жанарлардан жанып түн.
Көрдiк бәрiн… Бәрiне де қанықпын.
«Орда бұзар отты кезде», ей, досым,
құдыретiн «театрдың» жаңа ұқтым.
Кештеу ұқтым. Көкiректi басты мұң.
Табалады ақылгөй бiр «бастығым».
 
Сезiнбек боп «мизансцена сиқырын»,
түстiм ақыр талқысына «маскының»…
Кешiр менi, өлең атты серiгiм!
Кешiр менi, өнер қуған перi күн!
Театрды тәңiр тұтқан жан едiм,
адамдардың «ойынынан» жерiдiм.
қаңтар, 1980 жыл.





Пікір жазу