23.03.2022
  159


Автор: Нұрлан Оразалин

Өнер барын....

Өнер барын, ұмытып дарын барын,
асқақтадың, тым қатты арындадың.
Тани алмай мен сенi, қайран досым,
қайраңдады көңiлiм… Жарым-жарым…
«Тұрған осы сен бе?» деп, «сен емес пе?!.»
Түстiм iштей айқасып мен егеске.
Түрiң, түсiң – өзiңсiң, сөзiң бөлек,
айналғандай көрiндiң сен елеске…
Бiрге талай қуанып, бiрге күлген,
құлын-тайдай тебiсiп бiрге жүрген;
таныс жанды таба алмай қиналдым мен,
«көзден бұлбұл ұшырған» күндерiмнен.
Түндерiмнен таба алмай елес-белгi,
кездiм ойша қырларды, белестердi.
(Қайран қалдым тiрлiктiң мiнезiне
алыстатар тебiсiп, тел өскендi).
Қарап едiм жылылық бiлiнбедi,
кейпiң қиын, кеудемдi тiлiмдедi.
Бiрiмiздi-бiрiмiз тани алмай,
суық ызғар тiксiнттi үнiңдегi.
 
Тағдыр шығар… Көнесiң болған iске.
(Терiс пе бұл, бiлмеймiн, оңған iс пе?!)
Мен де иiлмей, бұрылып кете бардым,
қалтырады бала күн «тоңған» iште…
қаңтар, 1980 жыл.





Пікір жазу